Жаңалықтар

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері НУ Медицина мектебінде және «University Medical Center» корпоративтік қорына барып қайтты

1

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламент Сенаты әлеуметтік-мәдени даму және ғылым Комитетінің депутаттары Комитет төрағасы Нариман Төреғалиевпен және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау Министрлігінің өкілдері «Назарбаев Университет» ДББҰ Медицина мектебі мен Университеттік медицина орталығы – «University Medical Center» корпоративтік қорына барып қайтты.

Қонақтар Медицина мектебінің ғылыми-зерттеу және білім беру құрылымымен танысып, анатомияның 3D сандық зертханасы мен биомедициналық зерттеулер бойынша ғылыми зертханаға және симуляция орталығына кіріп шықты. Бұл жерде профессорлар мен арнайы білімді алған білікті нұсқаушылардың қарамағында студенттер, жұмыс жасап жатқан дәрігерлер, медбикелер мен өзге де мамандар манекендер, тренажерлар мен жоғары технологиялы құрал-жабдықтарда клиникалық шеберліктерін жаттықтырып, білімдерін жетілдіреді.

Медицина бойынша Вице-президент – Назарбаев университеті Медицина мектебінің Деканы Доктор М. Пиньятелли атап өткендей, Назарбаев университеті Медицина мектебінің негізгі миссиясы – халықаралық стандарттарға сай келетін денсаулық сақтау саласының үздік, жоғары білікті мамандарын даярлау және бұл тәжірибені Қазақстанның басқа медициналық білім беру мекемелеріне енгізу.

Ғылыми зерттеулер, білім беру мен клиникалық жұмысты интеграциялайтын  «Назарбаев Университеті Медицинасы» моделі аясында “UMC” КҚ мен Өмір жайлы ғылымдар Орталығы мен Университеттің басқа да мектептерімен бірлесе отырып, биомедициналық зерттеулердің кешендік бағдарламасы жасалды. Негізгі мақсаты – Қазақстанның клиникалық тәжірибесіне заманауи іргелі ғылыми ашуларды енгізу. Сандық технологиялар, алдыңғы қатарлы молекулярлы зерттеулер, жоғары деңгейлі клиникалық зерттеулер мен пәнаралық көзқарастарды қолдану аталған биомедициналық зерттеулердің кешенді бағдарламасының негізі болып табылады.

Сонымен қатар кездесу барысында “University Medical Center”  Корпоративтік Қорының Атқарушы директоры Қаныбек Әшіров “UMC” КҚ Академиялық Медицина орталығына айналуы жайлы айтып берді. Бүгінде трансформацияға бағытталған алғашқы қадамдар да жасалды: медициналық қызметтерді көрсету профиліне сәйкес клиникалық стационарлық бөлімдер мен амбулаториялық көмек көрсетуді біріктіретін, инновациялық клиникалық тапсырмаларды, білім беру бағдарламаларымен қатар ғылыми зерттеулерді іске асыра алатын клиникалық академиялық департаменттер құрылып, іске қосылды.

Шетелдік серіктес Питтсбург Университетінің Медициналық орталығы тәжірибесіне сүйенсек, интеграцияланған академиялық жүйені енгізу зерттеушілер мен дәрігерлердің ортақ жасаған жұмысы арқылы клиникалық диагностика мен емдеуде алға басуды көздейді, сонымен қатар бұл қадам медициналық қызмет көрсетудің экономикалық әлеуеттілігін арттыруға жағдай жасайды.

Қонақтар отандық денсаулық сақтау саласындағы бәсекеге қабілеттілікті арттыруда инновациялық педагогикалық тәжірибелерді жан-жақты дамытуда бірлесе жұмыс жасаудың маңыздылығын атап өтті. Ол өз кезегінде дәрігерлер, медбикелер мен өзге де денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін даярлау жүйесін дәйекті түрде жетілдіруге мүмкіндік береді.