Жаңалықтар

Назарбаев Университеті түлектерге диплом тапсырудың виртуалды рәсімін өткізді

9172F943-7176-410F-98C9-E0FEEEFD7A53

2020 жылғы 14 маусымда Назарбаев Университетінде түлектерге диплом тапсырудың виртуалды рәсімі өтті. 2020 жылғы Салтанатты рәсім ерекше болып табылады, өйткені биыл Назарбаев Университеті өзінің он жылдық мерейтойын атап өтуде және COVID-19 пандемиясына байланысты Салтанатты рәсім алғаш рет цифрлық форматта ұйымдастырылды.

Университеттің негізін қалаушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің құттықтау сөзінде Университеттің бірінші онжылдықтағы елеулі жетістіктерін атап өтті. Ол әйгілі университеттерде әрі қарай оқуларын жалғастырған және жетекші отандық, трансұлттық корпорацияларда жұмыс жасаудағы жетістіктерімен кеңінен танымал болған түлектердің дайындық деңгейіне жоғары баға берді. Сөзінің соңында Тұңғыш Президент-Елбасы Университеттің түлектері мен студенттеріне сәттілік тілеп, оларды ел мен қоғамның дамуына үлес қосуға шақырды.

Өз кезегінде Назарбаев Университетінің Президенті Шигео Катсу жаһандық сын-қатерлерге қарамастан түлектер өз білімі мен дағдыларын жұмыс орындарын құруға, жаңа теориялар мен өнертабыстарды әзірлеуге, қоғамның игілігі үшін заманауи инфрақұрылымды жобалауға қолданады деп үміттенеді. Назарбаев Университетінің Президенті түлектердің саналы және жауапты маман бола отырып, өздеріне білім алуға мүмкіндік берген мемлекет алдындағы парызын қайтаратынын атап өтті.

Биыл Университетті 1051 студент бітірді, оның ішінде 618 бакалавриат, 433 магистратура және докторантура бағдарламаларының түлектері. Бакалавриат бағдарламаларын Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің 345 студенті, сондай-ақ Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің 273 студенті аяқтады. Магистратура бағдарламаларын Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінде – 92 студент, Жоғары білім беру мектебінде – 81, Жоғары бизнес мектебінде – 79, Жоғары мемлекеттік саясат мектебінде – 56; Медицина мектебінде – 38, Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінде – 35,  Тау-кен ісі және жер туралы ғылымдар мектебінде – 15 студент аяқтады. Биылғы жылы Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебі 9 PhD докторын, ал Медицина мектебі Медицина докторы (MD) мамандығы бойынша 28 студентті оқытып шығарды.

Салтанатты рәсімнің виртуалды форматы студенттерге диплом алуға, туыстарымен және достарымен қуанышты оқиғамен бөлісуге,   пандемияға қарамастан, өздерінің мансаптық жолын бастауға немесе оқуларын жалғастыруға мүмкіндік берді.

Естеріңізге сала кетейік, Назарбаев Университетінің Мектептері әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен, оның ішінде АҚШ, Ұлыбритания және Сингапур университеттерімен әріптестікте әзірленген бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша білім береді.